06.10.2021
Мен Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Мәншүк ауылының ЖОББМ-не келген жас маманмын. Қазақ тілі маманы болсам да, әзірге тәжірибем жоқ. Қабілеттерімді ары қарай дамыту мақсатында өзіме көп сұрақтар қоя бастадым: Педагог өзін-өзі қалай дамытады? Қалай аттестациядан өтеді? Тәжірибені қалай жинаймын? Оқушыларға беретін білім сапам қандай болмақ?, деген мәсәлелерді ойлап жүрдім. Бала оқыту – үлкен жауапкершілікті талап ететіндігі бәрімізге мәлім. Сенім артып отырған ата-ананың үміті мен «мен мектепте білім аламын» деген оқушының мақсаты ұштасқан кезде, бойымды қорқыныш билегені рас. Бірақ, мектеп директорының міндетін атқарушы Г. Манаповна мен әріптестерім қолдау көрсеткен кезде, барлық үрей түп тамырымен жойылды. Сол үшін Мәншүк ауылының ЖОББМ-нің ұжымына үлкен алғысымды білдіремін.
«Педагог ретінде дамуым қалай жүзеге асады?» деп ойлап жүрген кезімде мектеп директорының міндетін атқарушы Г.Манаповна бізбен жағымды жаңалығымен бөлісті. Яғни, қыркүйек айының 29 күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының семинары болатынын жеткізді.
Қатыстым.Көрдім. Білдім.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткен семинардан, біраз сұрақтарыма жауап алдым. Оның ішінде, негізгі түртіп алатын үш мәселе болды.
1. Педагогтерді аттестациялау
2. Тәжірибе жинақтау
3. Әлеуметтік желілердегі бірлескен қызмет жоспарлары туралы.
Диалог жүргізген филиал оқытушылары Әлия Иманова, Жанар Жамантаева, Рауза Самуратова, Гүлдана Сағындықова аталған мәселелерді жан-жақты талқылады.
Оқушыларға үздік білім сапасын ұсынумен қатар, педагог өз тәжірибесін тек мектеп ішінде ғана емес аудан, облыс, республикалық жарыстарда да әлеуметтік желілер арқылы да бөлісе алатындығына көзім жетті.
Жан-жақты өзін жетілдіріп, тәжірибе алмасып, үздік нәтижелерге қол жеткізіп отырған педагог, белгілі бір мерзімде санаттарға қол жеткізеді екен. Алғаш мектепке жұмысқа «педагог» қызметіне орналасып , «педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» және ең жоғарғы санат «педагог-шебер» дәрежесіне дейін көтеріледі
Осы семинар барысында көкей де жүрген сұрақтарымның біразына жауап тауып, педагог ретінде өз жолымның ашылғанына қуандым.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Б.Р.Құдайберген