Әйелдерге қатысты қылмыс
және зорлық-зомбылық
2010 жылдан бері "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы) қолданысқа енгізілгеннен бастап елімізде тұрмыстық қылмыс деңгейі орташа 10 %-ға төмендегені байқалуда. Егер 2010 жылы 745 факт тіркелсе, 2016 жылы көрсеткіш 484 қылмысқа немесе 35 %-ға дейін төмендеді. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған кісі өлтіру саны шамамен 3 есеге азайды (268-ден 93-ке дейін).
Әйелдер мен балаларға қарсы бағытталған қылмыстарға жазаны қатаңдату бөлігінде заңнама жетілдірілді. Бас прокуратура жанынан тұрмыстық зорлық-зомбылық себептерін талдау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, "Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз" жобасы іске асырылуда.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына жеті рет өзгеріс пен толықтыру енгізілген (2010 – 2016 жылдары). Мәселен, полиция қызметкерлеріне өз бетінше қорғау ұйғарымын шығару бойынша өкілеттілік беріліп, ол жәбірленушіні уақтылы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға оның басқа тұрғын үйі болған жағдайда жәбірленушімен бірге тұруға тыйым салу түрінде әкімшілік-құқықтық ықпал шарасы енгізілген. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленуші тұратын жеріне қарамастан әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік беретін нормалар қабылданды.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнаулы бөлімшелер қызметкерлерінің саны 135 бірлікті құрайды. Қызметкерлердің міндеттеріне әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау, әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын
бұзу туралы жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтінімдерін қарау жатады. 2014 – 2016 жылдары мемлекеттік органдар Қазақстанда БҰҰ өкілдерімен бірлесіп, 125-тен астам учаскелік инспектордың, ӘЗҚБ 5 қызметкерінің, прокуратураның 6 қызметкерінің, қалалық және аудандық емханалардың 63 психологінің, жергілікті мемлекеттік органдардың 30 өкілінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік берген
іс-шаралар өткізді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты (бұдан әрі – стандарт) енгізілді, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасына, көлеміне және шарттарына талаптар қояды. Берілген стандарт барлық өңірдегі 30 дағдарыс орталығына (18 баспана) қызметтерді бірыңғайлауға және мемлекеттік
қаржыландыруға қолжетімділікті алуға мүмкіндік берді.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық есептемелерінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстармен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық туралы көрсеткіштер көзделген. Бұл ақпарат Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің (бұдан әрі – ҰЭМ СК) "Қазақстанның
әйелдері мен ерлері" жинағында айқындалған, сондай-ақ http://stat.gov.kz/faces/ wcnav_externalId/ интернет-ресурсында жарияланған.
2015 жылы ҰЭМ СК "БҰҰ-әйелдер", ЮНФПА және ДДҰ-мен бірлесіп алғаш рет әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жеке ұлттық ішінара тексеру жүргізді, оның нәтижесі жоғарыда көрсетілген интернет-ресурста жарияланды.
Тексеру әйелдердің шамамен 17 %-ы жыныстық серігінің тарапынан тәндік және/немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын; әрбір бесінші әйел (21 %) өзінің өмір бойы жыныстық серігінің тарапынан психологиялық зорлық-зомбылықты басынан өткергенін; әрбір үшінші әйел (33 %) өз өмірінде серігінің тарапынан бақылаушылық мінез-құлықтың пайда болуын басынан кешкенін анықтады. ҰЭМ СК
тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ден қою және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бағдарламалардың прогресі және тиімділігі туралы нақты әрі тәуелсіз ақпаратты ұсыну үшін осы зерттеуді тұрақты негізде жүргізуді жоспарлауда.
2017 жылы Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі – ҰЭМ) "БҰҰ-әйелдермен" бірлескен жоба шеңберінде Қазақстандағы тұрмыстық
зорлық-зомбылық нәтижесінде экономикалық зардапты бағалау бойынша алғашқы зерттеу жүргізуді қолдады.
Профилактика субъектілерінің (денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызметтер ұйымдары) лауазымды адамдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары жүгінген кезде немесе олардың полиция органдарына зорлық-зомбылық фактісі туралы хабарламаны жібермей тұрып тікелей анықтауы кезіндегі олардың әрекетінің бірыңғай алгоритмі әзірленуде.
СИДО жөніндегі комитетінің қорытынды ескертулерінің 19 f) тармағына сәйкес Қазақстанның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күрес туралы Еуропа Кеңесінің Конвенциясын ратификациялау мәселесін зерттеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жыл сайын мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ және бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі – БАҚ) қатысуымен "әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" акциясы шеңберінде ішкі істер органдарының есебінде тұрған, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға жол беретін адамдарды тексеру жүргізіледі, заң бұзушылық анықталған жағдайда
құқықтық ден қою шаралары қолданылады.