Күзгі демалыс - мектеп өмірінің қанық, жарқын және ұмтылыс кезеңі. Оқу жылының алғашқы тоқсанын аяқтап, қараша айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген күзгі демалыс кезінде де біздің мұғалімдер ұжымы қарап жатпады. Апталық демалыс кезеңінің әр сәтін тиімді пайдалануды көздеген ұстаздар түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға уақыт тапты. Ата-аналар жиналысын барынша тартымды және қызықты өткізу үшін мектебімізде жиналыстың форматын өзгертіп, тренинг түріне ауыстыру жолға қойылған. Дәл осы үлгідегі ата-аналармен басқосуымыз сәтті шыққанына сенімдіміз. Ата-аналарымыз да өз ойларын ортаға салып, белсенділік танытып, жиналыстың мән-маңызының артуына өз үлестерін қосты. Жалпы ұжым, ата-ана, ұстаз болып бірігіп, сапалы, білімді, саналы және тәрбиелі де саламатты ұрпақ тәрбиелеу - табысқа жетудің тура жолы. Сондықтан да ата-ана мен мұғалім әркез тығыз байланыста болуы керек екені сөзсіз.
Сондай-ақ, денешынықтыру пәні мұғалімдері оқушылармен әртүрлі спорттық іс-шаралар өткізді. Оқушыларға түрлі дене қимылдары жаттығуларын жасата отырып, балалардың жүрегіне жол тауып, үстел теннисі ойыны және өзге де ойын түрлерін ойнатты. Қызығушылық танытқан оқушылар үйлеріне жақсы көңіл күймен оралғаны анық. Сынып жетекшілері де әртүрлі тақырып бойынша оқушыларды онлайн және офлайн форматындағы сыныптан тыс іс-шараларға тартып, шебер жұмылдыра білді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Исаева А.Д «Қалыптастырушы бағалау мен рефлексияның маңызы» атты мұғалімдермен тренинг өткізді. Тренинг айтарлықтай жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ол мектебіміздің озат мұғалімдерінің бірі ретінде шеберлігін танытып, өзін көшбасшы ретінде көрсете білді және тақырыптың мағынасын ашып, әріптестерінің алдағы уақыттарда шығармашылықтарын шыңдауларына жол сілтеп, тың серпін берді. Тренинг барысында мұғалімдер жұптаса, топтаса жеке дара жұмыс жасады. Өз ойларын ортаға сала отырып, осы тақырып аясындағы мәселелерді талқылып, белсенділік танытты. Көптеген әріптестеріміздің үлгілі сабақ жоспарлары "Білім айнасы" журналының кезекті санында жарық көргенін мақтанышпен атап өткіміз келеді.