«Тәуелсіздік – ел тірегі»
Мақсаты:
Оқушыларға бостандық, теңдік, тәуелсіздік ұғымдарын кеңінен түсіндіру, білімдерін кеңейту. Отан байлығын қорғауға, болашақта Отанымыз – Қазақстанды өркендетуге баулу. Туған жеріне, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Туған жерін, елін сүйетін, ұлтжанды, намысшыл, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу.
1 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – ел тірегі» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Тарихтың ойлы-қырлы белестерінде халықтың жүрегінде сақталып, жадында қалған, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салған тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
2-жүргізуші:
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан.
Тарихы оның тым әріден басталған
«Бодандықтан құтқарам» деп елімді
Талай боздақ талай жерді жастанған
Иә, бұл күнге жету үшін ата-бабамыз қанын төкті, жанын берді, жеріміздің тұтастығын сақтап ұрпақтан-ұрпаққа табыс етті. Оның айғағы ел намысы үшін жанын құрбандыққа қиған Желтоқсандықтар болатын. Оның айғағы – дүниені дүр сілкіндірген, әлемге қазақ деген атты паш еткен Желтоқсан көтерілісі. Бүгінгі
жарқын өміріміз –сол қаралы күндердің жеңісті жемісі.
1 -жүргізуші: Осы қазақ халқының жері болашағы үміті үшін желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың ұл-қыздары Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатайұлы, Ляззат Асанқызы, Сәбира Мұхамеджанқызының аттарын атамай кетуге болмас.
2 - жүргізуші:
Қазақ дейтін менің бір елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далаға жылап келіп қуанған, - деп Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай, кең байтақ жерімізде Қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші. Талай қиындықты бастан кешірсе де, ешқашан мойымай, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сеніп, үміттерін үзбеді.
1-жүргізуші:
Еркіндікке, бостандыққа үн қосқан,
Гүрілінен қақ айырылған түнгі аспан.
Қазағымның әні болған, жыры болған,
Жастар үні – он алтыншы желтоқсан.
2-жүргізуші:
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайраты жас өркені халқымның!
Әнұран: «Менің Қазақстаным»
1-2 сынып оқушыларының арасында әдеби монтаж.
Аякөз:
Тәуелсіздіктің таңын сүйем,
Таңмен бірге келді ме, өлең
Көк туына басымды ием
Көгімізде желбіреген
Аласармас асқарым да
Күнмен гүлдеп ел өседі
Қазақстан аспанында
Бостандықтың желі өседі
Әнді алысқа жеткіземіз
Көкке елдің туы ілінді
Жылда той ғып өткіземіз
Тәуелсіздік Ұлы тойды
Ерсұлтан :
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына
Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Арлан:
Қазақстан – Тәуелсіздік бесігі
Отан деген от басынан басталар,
Отбасыма от салмасын басқалар.
Отан деген қасиетті, киелі,
Отан десем оянады асқақ ар!
Отансыздар мына өмірде бос қалар,
Сүйеуі жоқ, тіреуі жоқ жасқанар.
Отанымды күзетеді адалдық,
Сәттерімде мүлт кетпестен қас қағар.
Азиза:
Қазақстан – Тәуелсіздік бесігі,
Басқалардың тимесінші кесірі.
Елдің көшін өрге бастап барады,
Нұрағаңмен егіз болар есімі.
Қазақстан – Тәуелсіздік бесігі,
Бесігімде тербеледі дос үні,
Ұлттардың ұйып тұрған ұясы,
Ұмытпайық, ұлықтайық осыны!
Марал:
Тәуелсіздік, тәуелсіздік, жыр-әнім,
Ел іргесі берік болсын – ұраным.
Тәуелсіздік - өзіңді еркін сезіну,
Салт-дәстүрім – қолдан түспес құралым.
Тәуелсіздік! Не деп оны түсіндік?
Тәуелсіздік, ар-ожданың кісілік,
Адамға адам жолдас, бауыр туыс боп,
Ел жұртыңның алма құнын түсіріп!
Алихан:
Тәуелсіздік! Менің байтақ Отаным,
Бір өзіңсің Мұхтар, Абай, Шоқаным,
Тәуелсіздік, сәбилердің шаттығы,
Тәуелсіздік, ақ батасы атаның.
Тәуелсіздік, тәуелсіздік, жыр-әнім,
Көк байрағым, Елтаңба, Әнұраным,
Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік,
Қолда елімді қасиетті Құраным!
Азат
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Асау аттай өз тізгінін бермеді.
Қазағымның алтын басын иілтіп,
Талай дұшпан төрімізге төрледі.
Сол бір сәтте бұлт торлады аспанды,
Алатаудың көзінен де жас тамды.
Тәуелсіздік желтоқсанмен бітпейді.
Тәуелсіздік күресі енді басталды.
Ән «Бала тілегі»
Бал-балалық,балдырған шақ сан арман,
Барлық бала армандауға жарлған
Кел,достарым,әндетіңдер,билеңдер, 2рет
Гүлденсін деп атмекен-қара орман.
Болашақтың иесіміз бәріміз,
Туған жердің түрлендірер нәріміз.
Алтын бесік-ұлан байтақ елімде, 2рет
Жарқын болсын шырқап айтар әніміз.
Қалықтаған көгершіні көгінде,
Мүңаймасын ешбір бала елімде.
Ата берген батаменен көркейсін, 2рет
Ұлы Отаным,тілегім сол менің де.
Дияна:
Қатыгездік жұдырығы түйіліп,
Қамшы үйірді жасқап, жекіп бұйырып,
Желтоқсанда шықты үлкен алаңға
Ата-баба аруағына сыйынып.
Ғани:
Қайраттай қайсар ұлдардың
Жанымен келген еркіндік
Жазира мен Ляззаттың
Арымен келген еркіндік
Қасірет пен қайғының
Бәрімен келген еркіндік
Каусар:
Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.
Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да - Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.
1- жүргізуші:
Желтоқсан оқиғасы ешқашан көмескіленбейді. Себебі, тарихтан алар орны ерекше оқиға.
2-жүргізуші:
Енді міне, осы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.
1-жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
2-жүргізуші:
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе - тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы - құт, жері - дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Би: «Қара жорға»
1-жүргізуші:
Қазақ елім! Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
1 –жүргізуші:
Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
Ән: «Тәуелсіздік тірегім»
1- жүргізуші:
Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз- ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу.
2- жүргізуші:
Бүгінгі тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – ел тірегі» атты ашық тәрбие сағатымыз өз мәресіне де келіп жетті. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік. Келесі кездескенше сау болыңыздар.