"АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІ МӘНШҮК АУЫЛЫНЫҢ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ" КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
 КОММУНАЛЬНОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ "ОБЩЕОБРАЗОВАТЕЛЬНАЯ  ШКОЛА СЕЛА МАНШУК ОТДЕЛА ОБРАЗОВАНИЯ ПО ЦЕЛИНОГРАДСКОМУ РАЙОНУ УПРАВЛЕНИЯ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ"

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

07.01.2018

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРБАЗЫ

          Қаңтардың 5-і күні күні Мәншүк ауылының қарт тұрғынының ғасырға жуық соққан  жүрегінің  мәңгіге  дамылдағанына қырық күн болды.    Қарашаның соңғы күні ауыл тұрғындары тайлы-таяғы қалмай, аяулы қарияны  ақтық  сапарға  аттандырған болатын. Тоқсанның екісін еңсерген Николаев Алексей Константинович Целиноград ауданы бойынша Ұлы Отан Соғысында қан кешкен  сайыпқырандардан қалған жалғыз  тұяқ еді. Соғыстың соңғы сарбазын ақырғы сапарға шығарып салу рәсіміне арнайы  келген  аудан әкімі Тәткеев Малғаждар Сәттарұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбаев Болат Жанатайұлы,  аудандық қорғаныс ісі бөлімінің басшысы Жалбинов Рүстем Жүсіпұлы және "Мәншүк - АЭ"   ЖШС директорының орынбасары Қойлыбаев Ғалым Жақсылықұлы азасөз сөйлеп,  ардагер жанның  сындарлы жылдардағы жүріп  өткен күрес жолдары мен бейбіт күндердегі еңбекқорлығына,  адами  қасиеттеріне ерекше тоқталып өткен. Соғыс сарбазының  азаматтық  тұлғасын айқындайтын мәнді естеліктер айтылып, өзі еңбек еткен ауылдың тұрмыс-тіршілігі мен жай-күйін бақылап, назарда ұстап отыратын, келеңсіз жайларға алаңдап, жетістіктер үшін қуанып,  үнемі көзқарасын білдіріп отыратын жанашыр қарияның болмысы айтылар сөзге арқау болды.  Аза тұту барысында бір минуттық  үнсіздік жарияланып, арнайы жоралғылар жасалған еді.  Соғыс ардагерімен  қоштасуға арналған  жиында  бес қаруын асынып,  сап  түзеген әскери топ  үрмелі  аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен «қаралы жиын  маршын»  жүріп өтті. Қарт жауынгерді жерлеу рәсімінде әскери қарудан үш мәрте оқ атып, құрмет көрсетілген болатын. «Өткен күннен алыс жоқ...» дегендей, міне, қарияның өмірден озғанына қырық күн болған екен.

               1925 жылы  Украинаның Донецк  облысында дүниеге келген    Алексей Константовичтің негізгі мамандығы – автомеханик.   18 жасында   әскер қатарына алынған  бұла жігіт алғашында Украина даласында жаяу әскер құрамында жаумен алысады. Одан соң, Румыния, Болгария, Венгрия, Чехословакия және соғыс өрті тұтанған өзге де өңірлерде жаланған жаумен  жолбарысша жағаласқан жас жауынгер Жоғарғы қолбасшы тарапынан "За взятие Будапешта", "За победу над Германией" сынды марапаттарға ие болады. Отан қорғаудағы жанкештілігі мен ерен еңбек еленбей қалған жоқ. Сұрапыл жылдардан соң да  ардагердің өңірінде "Кеңес

одағының маршалы Жуковтың" төсбелгісі,  "Ұлы Отан" соғысының ордендері, бірнеше мерекелік медальдар

жарқырады.

          Тың игеру жылдары Қазақстанға қоныс аударған украиналық азамат бақытының мекенін Целиноград ауданының  Мәншүк ауылынан тапты. Соғыстың шынайы қаһарманы бейбіт өмірдің де шынайы бағасын жан-тәнімен

ұғына білетіні белгілі. Кейіпкеріміз де жары Елизавета Александровна екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Отбасына қоныс, балаларына өріс болған киелі қазақ жерінің   М.Мәметова атындағы ауылында  63 жыл ғұмыр кешкен  Алексей әкей еңбек жолында да  өзіндік өрнек қалдырды.  Темір тұлпарды тізгіндеген ол ел экономикасы мен  шаруашылығының өркендеуіне  де орасан үлес қосты. "1957-1958 жж. Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің қатысушысы" болуы,  "1977-1978 жж. Социалистік жарыстың жеңімпазы"  атануы - осы айтқанымыздың айқын айғағы болса керек.

       Өмірдің түрлі соқпағында сүрінбей, жігері жасымай, еңсесін де, рухын да биік ұстап өткен асыл  ер жас ұрпаққа

"бейбітшілікті бағалай біліңдер, еңбекті сүйіңдер " деп айтудан еш жалықпай өмірден өтті.  Бұл айтылған сөздері батырдың батасындай  болып, жастардың санасында мәңгі  сақталары сөзсіз.  «Ер есімі - ел есінде» деп  бекер айтылмаса керек.

 

Бейімбет Жақанұлы,

Просмотров: 547


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст