Тілдер онкүндігінің бір сәті
Ақпан айының ішінде мектебімізде «Тілдер әдістемелік бірлестігінің» онкүндігі болып өтті. Әдістемелік бірлестікке кіретін қазақ, орыс және ағылшын тілі пәні мұғалімдері өз пәндері бойынша ашық сабақтар мен сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастырды. Үзіліс кезінде жас мамандар әртүрлі сайыстар, викториналар өткізді. Онкүндік шеңберіндегі түрлі сайыстарға барлық сыныптардан да оқушылар қатынасты.
Өзім осы Мәншүк ауылына еңбегімен танылған киномеханик, кейіннен бидай өңдеу цехында абыройлы жұмыс атқарған - Шепелев Геннадий Георгиевич атты кісінің қызымын. Яғни, ұлтым – орыс.Орта білімді де орыс тілінде алып шықтым. Алайда, қазақ тіліне деген қызығушылығым мені мемлекеттік тілді меңгеріп шығуыма мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда өзім білім алған № 26 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімімін. «Палуанға оң-терісі бірдей» деген сөз бар емес пе қазақта. Сол секілді, маған да сабақтың қай тілде өтіп жатқанының еш кедергісі жоқ. Әсіресе, қазақ тілінде жүргізіліп жатқан сабақтар мен түрлі іс-шараларға қатынасып тұрамын. «Тілдер онкүндігінде» маған ұнаған іс-шаралардың бірі – қазақ тілі пәні мұғалімі Апаханов Б.Ж. өткізген дебат болды.
Тақырыбы да өзекті: «Мейірімділік азайып бара жатқан жоқ па?» Мақсаты: Оқушылардың жан дүниесіне адамгершілік құндылықтар мен танымдық ойлау жүйелерін қалыптастыру болса, негізгі міндеттерінің бірі; оларды ізгі де мейірімді, қайырымды болуға тәрбиелеу. Мұнда 8,11-сынып оқушыларынан құрылған екі топ өзара пікір сайысына түсті. АПФ (Американдық парламенттік формат) форматындағы дебатқа сәл өзгеріс енгізілген бұл
сайыс өте тартысты өрбіді. Оқушылардың тілдері жатық, ойлары айқын,пікірлері көңілге қонымды. Тағы бір
байқағаным; әр топ өз пікірлерін бейнематериалдармен және қажетті статистикалық мәліметтермен, түрлі дерек-дәйектермен нақтылып отырды. Пікірсайысты тамашалаған әр ұстаз, әр оқушы үлкен ой арқалап, жақсы көңіл күймен шыққанына сенім мол.
Сайыс соңында қорытынды сөз алған «Тілдер әдістемелік бірлестігінің» жетекшісі Исаева А.Д. бүгінгі оқушыларды тамаша жетістіктерімен құттықтап,ұтымды пікірлер айтқан жекелеген дебатшыларды мадақтамалармен марапаттады.
Ал, мені мектебімізде мейірімділікке жаны құмар осындай жас жеткіншектер өсіп келе жатқаны қуантты.
Шепелева Наталья Геннадийқызы
Мұғалім, Мәншүк