Күн мен түн, хан мен қараша теңесетін, "Самарқанның көк тасы да жібіп" жаймашуақ көктемді сезіндіретін Ұлық күнді самарқау қарсы алу әсте мүмкін бе?! Халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз әз Наурызды N 26 мектебі лайықты атап өтті. "Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!" "Наурыз құт-береке әкелсін!" деп ыстық ықылас, игі тілектерін арқалай келген ата-аналар нөпірінен мектептің мәжіліс залы да лық толды.Тіпті, "ине шанышар орын" болмады десе де жарасардай. Тиісінше оларға мектеп ұжымы "Армысың, әз Наурыз!" атты сахналанған қойылымын тамашалатып, "Наурыз көже" ұсынды. Аталған іс-шара басында мектеп директоры Ғ.Қ. Исаев құттықтау сөз сөйлеп, наурыздың тарихы жайлы бірнеше маңызды деректер келтірді. Сонымен қатар:" 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып белгіленген болатын, - деді мектеп басшысы Ғани Қуантайұлы.
Мұғалімдер ұжымы мен оқушылардың өнеріне риза болған Барч Роза әжей мен Қырғызбаева Бақыт апай шынайы алғыстарын айтып, наурыз мейрамымен құттықтады. Соңында ауыл тұрғыны Тұрсынбек ақсақал "Наурыз бата" берді.
Бейімбет Апаханов
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі