2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының “Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр” тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Назарбаев халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. “Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді”, – деді Президент.
“Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде – 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады – барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді”, – деді Қазақстан Президенті.
Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді. Алғыс айту күні – ұлы, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн. Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Мектебімізде Алғыс айту күнін мерекелеу дәстүрге айнала бастады. Биыл бұл мереке «Ұрпақтар сабақтастығы» түрінде өткізіліп, ауылдың қариялары, өзге ұлт өкілдері, ауыл кәсіпкерлерінің қатысуымен жасалды. Кеште қонақтар бір-біріне, Жаратқанға, табиғатқа, ата-анаға, көрші-көлемге, бауырға – Бүкіл әлемге алғыс айтудан жалықпады. «Алғыс» сөзін суретпен бейнелеу тапсырмасы беріліп, оқушылар, орта буын және қариялар болып үш түрлі сурет салды. Үш суретті біріктіретіні – қонақтар үлкен, қуаныш пен күн нұрына толы жүректің суретін салған екен. «Алғыс айту жүректің тазалығынан, көңілдің кеңдігінен басталады. Біз, қазіргі ұрпақ, әрқашан мына күнге жеткізген ата-бабамызға алғысымызды айтамыз. Қиын-қыстау кезінде өзге ұлт деп өзегінен теппей, бауырына басып, екі нанның бірін бөліп беріп, үйіне кіргізіп, жан жылуын аямаған халқымды мақтан тұтамын", - деген лебіздер баршаның аузынан бірдей шығып жатты. "Өрмек" тренингі жүргізіліп, іс-шара кешке қатысушылардың бір-біріне жіпті бере отырып, қазіргі сәтте не үшін алғыс білдіретіндерін айтумен аяқталды. Шынымен де, әр сәтте, әр кезде жаныңда жүрген адам - саған керек. "Адамның күні - адаммен" деген мәтелдің айтылуы да тегін емес, сол себепті, осы өмірде болғаны үшін, қасыңда жүргені үшін, қол ұшын бергені үшін алғыс айтудан шаршамайық!