Ауыл кеші көңілді...
22 ақпан күні Мәншүк ауылында «Ән салшы» атты патриоттық әндер байқауы өтті. Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Целиноград ауданының 90 жылдығына, Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына және Қызыл әскердің 100 жылдығына арналып өткізілді.
Осы көктемдік мерекені көп жыл білім ордасында еңбек еткен, қазіргі кезде зейнеткер Ермағамбетова А.Қ. ауылдың мәдениет ордасымен бірлесе ұйымдастырды. Әрдайым белсенділік танытып жүретін, кез-келген істі жауапкершілікпен атқаратын Айсұлу Қайыргелдіқызы байқауға 4 еңбек ұжымын және ауыл зейнеткерлерін тарта білді. Сонымен қатар, іс-шараның өтуіне ауыл әкімі Исаев Ғ.Қ. мен байқауға демеушілік білдірген Қойлыбаев Ғ.Ж. өз үлестерін қосты. Айтулы іс-шара ауылдың мәдениет үйінде өтті. Байқауды тамашалауға келген көрермен қарасы көп болғаны сонша, залда ине шаншар жер қалмады.
Кешті Жиренов М.Е. жетекшілігімен мектептің «Көркем» домбыра оркестрі ашты. Сахнаға ең алғашқы қатысушылар – ауыл ардагерлері шықты. Олар «С чего начинается Родина» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқауды мектептің техникалық жұмысшылар ұжымы Т.Базарбаевтың «Ауылым» әнімен жалғастырды. Әрі қарай минимаркет пен кулинария жұмысшыларының ұжымының орындауындағы «Идет солдат по городу» әні тамаша шықты. Мектеп оқушылары саптық жаттығулар жасау арқылы оларға өз үлестерін қосты. Мәдениет үйінің қызметкерлерінің туған жер туралы айтқан әні дәйім жұртқа ұнады. Кешіміз Мәншүк ауылының тарихы туралы бейнематериалмен жалғасты. Конкурстың соңғы сайыскері - ауылдың мектеп мұғалімдері ұжымы «Сарбаздар» әнін орындады. Орындау ерекшелігімен, киім үлгісімен ерекшеленген ұстаздар көрерменнің көзайымына айналды.
Іс-шара барысында қатысушылардың өнері арасында мектеп ұстаздары Х.У.Кабельдинова, М.Е. Жиренов, А.А. Кинеев өз әндерін орындады. Ал мектеп директорының тәрбие ісі орынбасары А.Д. Исаева Мұқағалидің образын сомдап, әні мен өлеңін ақиық ақынның жақында болған туған күніне арнады. Мәдениет үйінің меңгерушісі А.С. Есмағамбетова төл шығармасын көрермендерге оқып берді. Бастауыш сынып оқушылары Е.А. Беляева жетекшілік еткен «Дети войны» атты музыкалық қойылым қойды.
Қазылар алқасы өз сөзінде сайысқа қатысушылардың өнерін, еңбектерін, ән таңдаудағы талғамдарын ерекше атап өтіп, әр топтың көзге түскен сәттерін жеткізді. 3-орынды мектептің техникалық жұмысшылары иеленсе, 2-орынды клуб қызметкерлері, 1-орынды педагогикалық ұжым мен ауылымызда жаңадан ашылған минимаркет қызметкерлері мен кулинария наубайшылары қанжығаларына байлады. Өздерінің айрықша орындау мәнерімен жиналған жұрттың жүрегін жаулаған әжелер қауымы бас жүлдеге ие болды. Сайыскерлер жүлдесіне ақшалай сыйлық жасаған «Ен дала» ЖШС-не алғысымызды білдіреміз. Кеш соңында ауыл әкімі Ғ.Қ. Исаев: «Бүгінгі шарамыз қандай тамаша өтті. Уақыт деген зымырап өтіп жатыр, сондықтан оны құр босқа өткізбей, осындай игі істерге жұмсайық. Әр адамның бойында өнер бар, оны ұштай білу қажет», - деп, өз лебізін білдірді. Осылайша, Мәншүк ауылының бір кеші көңілді өтті.