Әкелер шапағаты таусылмасын
«Әке – асқар тау» деп бекер айтылмаса керек. Шынымен де, қазақ болмысында әкенің орны айрықша. Әкенің жүзіндегі шапағатқа толы қаталдық талай қайсар ұрпақты тәрбиелеп, қазақ елін сонау ықылым заманнан бері сақтап қалған еді. Әкенің айтқан әрбір сөзі, үйреткен әрбір ісі, жасаған жақсылығы баланың жүрегінде жаттала бермек. Әке көріп, оқ жонған балалар талай белестерді бағындырғаны тарих беттерінде сайрап жатыр. Абай данамыз бірде: «Әке, мен өзіңдей болдым», - дегенде, Құнанбай: «Сен әуелі Абайдай ұл өсір, содан соң
сөйлесерміз», - деген екен.
Қазіргі қоғамдағы әкелер мәселесі демография саясатын жасаушыларды біршама алаңдататыны сөзсіз. Әкелердің сол баяғы болмысы төмендемесе деген ниетпен Ақмола облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия былтыр күзде әкелер форумын өткізген болатын. Кейін ауданда әкелер одағы құрылғанына бәріміз куәгер болдық. Осы істің жалғасы ретінде №26 Мәншүк орта мектебінде «Шапағат» әкелер клубы құрылды. Оқушыларға жақсы үлгі болып, тәрбие ісіне оң әсерін тигізер деген мақсатпен ауылда беделі жоғары, абыройға ие он әкені клуб мүшесі етіп, төрағалыққа үлгілі әке, «Шүрек» ЖК-нің басшысы Рысбеков Сапарбек Тұрсынбекұлын сайлаған едік.
Ақпанның он төртінде «Шапағат» клубының кезекті отырысы жоспарланып, «Отбасындағы әке рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Әкелер де, оқушылар да аталмыш тақырыпта құнды пікірлерін айтып өтті. Әкелер қауымы өздерінің асқар тауын еске алып, айтқан сөздері, берген тәлімі жайлы жеткізді. Бейнеролик көрсетіліп, ситуациялық сұрақтарға жауап берілді.
Отырыс соңында клуб мүшелері мектепке демеушілік көмек көрсету ниеттерін білдірді. Әкелердің, сонымен қатар, ауылдың кәсіпкерлері «Жакишева» ЖК-нің, «Ен дала» ЖШС-нің жасаған көмектеріне мектептің «Көркем» домбыра оркесті оқушыларына қазақ ұлттық киімдері тігілді. Киім тігуді мектеп ұстаздары өз қолына алды: өздері өлшеп-пішіп, кәсіби мамандардың қолынан шыққан бұйымнан кем қылмай етіп жасады. Көп жылдан бері ойда жүрген жоспар орындалғанына білім ордасы ұжымының қуанышында шек жоқ. Осы еңбектің бағасы ретінде өз өнерлерімен халықты да, қазылар алқасын да тәнті еткен «Көркем» оркестрі облыстық «Өрле, Қазақстан!» оркестр мен ансамбльдер байқауында жүлделі І орынды иеленді. Мектеп ұжымын шын жүректен құттықтаймыз.
Осы игі істі іс асыруға көмегін аямай, бар ықыласымен атсалысқан әкелерге алғысымызды білдіреміз. Клубтың әр отырысына белсене қатысып, түрлі идеялар ұсынып, мектептегі бала тәрбиесіне өз үлесін әлі де қосарына кәміл сенімдіміз. Әкелер шапағаты таусылмасын!