Тіл - баға жетпес құндылық. Барлық тіршілік иелерінде де тіл бар. Бірақ сөйлеу тілі емес. Біздің, яғни адамзаттың, басты ерекшелігіміз - бір-бірімізбен ұғысып-түсінісетін, түрлі сезімдерімізді, көңіл-күйімізді, басқа да қажеттілігімізді жеткізетін тілімізде жатса керек. Тіл - адамзатқа берілген шексіз нығымет. Оның адам өмірінде атқаратын қызметі өлшеусіз.
Ал, менің ана тілім – қазақ тілі ше? Әлемде дәл менің ана тілімдей әсерлі, көркем, бай тіл бар болуы мүмкін бе екен? Әй, білмеймін!
Өзімнің түсінігімде, қазақ тілі - адамгершіліктің, ізгілік пен мейірімділіктің, тәрбиенің тілі секілді. Ауыз әдебиеті үлгілеріне, белгілі ақындардың өлең-жырларына зер салсақ, тұнып тұрған тәрбие, адамгершілікке үндейтін туындылар. Бір ғана Абайдың шығармалары белгілі бір энциклопедия жүгін арқалап тұрғандай көрінеді.
Туған тілден артық тіл жоқ екені белгілі. Құстар да өз тілінде сайрайды. Алайда, кейбір ересек адамдардың өз тілін құрметтемей, өзге тілде сөйлейтініне түсінбеймін. Көріп жүргеніміздей, қасиетті де шұрайлы тілімізді шұбарлап, құнын кетіріп жүрген жастар да, билік тізгінін ұстап отырған үлкендеріміз де аз емес. Қазақ пен қазақтың орыс тілінде сөйлесуін санамыздың қай жеріне сыйдырамыз? Олардың өз тілінде сөйлесуіне не кедергі? Қазақ пен қазақ өз тілінде сөйлеспесе, ол тіл кімге керек? Ата Заңымызда қазақ тілі - «мемлекеттік тіл» деп көрсетілсе де, биік мінберлерде үні бәсең. Барлық адамзат бір тілде сөйлегенін көксейтін де бәзбіреулер бар тәрізді. Сонда олардың көксегені не? Ұлттығымыз бен мемлекеттігіміз қайда қалады сонда? Әр халық өз тілінде сөйлесуі керек. "Алтын күннен бағасыз бір белгі боп қалған» асылымыз - ана тіліміздің қадіріне жетейік.
" Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл" демекші, өркениетті елдердің тілін меңгерген дұрыс. Бірақ, біртіндеп еніп келе жатқан шет ел сөздерін (онлайн, оффлайн, платформа тб) сол қалпында қолдана бергеніміз жөн бе? Термин тұрғысынан қабылдап жүрміз бе? "Өзіңнен тумай, ұл болмас" демекші, кей сөздерді (клавиатура-пернетақта, интернет-ғаламтор тб) қазақша аударып қолданып жүргеніміз дұрыс па? Ғылым тілінде қазақ тіліне тән сөздер жоқ десе де болады.
Жеріміздің асты да бай, үсті де бай, тіліміз де шұрайлы деп мақтануды жиып қоя тұрып, "сөз өнері - дертпен тең" деп өткен дана Абайдың "Ғылым таппай мақтанба" деген сөзінің төркініне үңіліп көрейікші. Сол ғылымға ден қоймағанның салдары емес пе екен адамзатты алаңдатып отырған індеттің алдын ала алмағанымыз, онымен табанды түрде күресе алмағанымыз?!.
Мен болашақта еліміздің жастары ғылымды, әсіресе техника ғылымдарын игеріп, адамзаттың игілігіне жарайтын ғылыми жаңалықтар ашса, қазақтың сөзі халықаралық ғылыми терминдер ішінен орын алса деймін.
Иә, әр халықтың ұлттық тілі өмір сүруге құқылы. Қазақтың жерінде жүзден астам ұлттың өкілі өмір сүруде. Әр ұлт өз тілін, өз құндылығын ардақ тұтады. Еш шектеу жоқ. Ежелден қонақжай, кең даласындай дархан ел, татулық пен достықты ту еткен Қазақстанда Тілдер күнін атап өту жақсы дәстүрге айналған. Бұл күннің ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сәйкестігі тіл жанашырына деген зор құрметтің белгісі болса керек. Осы мерекеге орай, ана тілім жайлы ішкі толғаныстарымды қағазға түсірдім. Тілдер мерекесі құтты болсын! Қазақ тілінің мәртебесі арта берсін!
Хосылбек Айнұр,
Мәншүк ауылы, ЖОББМ 11- сынып оқушысы